Қазақстан мен Бавария қандай салаларда ынтымақтастықты кеңейтеді?
Тоқаев пен Хуберт Айвангер сауда-саттықты арттыру, инвестиция тарту және жоғары технология саласындағы бірлескен жобаларды талқылады
Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрінің орынбасары – Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс айтты.
Кездесуде Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту және технологиялық серіктестікті кеңейту перспективасы талқыланды.
Германия аймақтарының арасында Бавария Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі саналатыны аталып өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарында әлеует жеткілікті. Хуберт Айвангер Бавария бизнесінің өзара тиімді кооперацияны дамытуға айрықша қызығушылық танытатынын жеткізді.
Оның пікірінше, екі ел экономикасының өзара үйлесімділігі – Бавария компаниялары үшін үлкен мүмкіндік. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуберт Айвангер жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика, инновация және өңірлік даму салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бавария ықпалдастығының мазмұнын арттыруға ниетті екенін растады.