Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ландтагының төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті
Кездесуде Қазақстан мен Бавария арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды
Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ландтагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүргізілген келіссөздер табысты әрі нәтижелі сипатта өрбігенін атап өтті. Қазақстан Президенті Баварияның сан қырлы қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты.
«Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады. Өйткені еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгімелесу барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері қозғалып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективасы талқыланды. Айгнер сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан Бавария Ландтагына келуге уақыт тапқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Ландтаг Төрағасының айтуынша, Бавария Қазақстанмен сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін мұқият зерделейді. Президент пен Ландтаг Төрағасы кездесу соңында Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады.