Президент: Абаттандыру жұмыстары имидж үшін емес, халық үшін жасалуы керек
Қасым-Жомарт Тоқаев елордалық Урбанистика орталығы тұрғындардың пікірін ескере отырып, қалалық ортаны жақсартуға арналған шешімдер әзірлеп жатқанын атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордалық Урбанистика орталығы тұрғындардың пікірін ескере отырып, қалалық ортаны жақсартуға арналған шешімдер әзірлеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізді ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тазалық пен тәртіпті сақтау Қазақстан азаматтарының да, шетелдік қонақтардың да ортақ жауапкершілігі болуы тиіс екенін баса айтты.
«Жалпы, ел азаматтары да, елімізге келген шетел азаматтары да қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, заң талаптарына құрметпен қарауға тиіс», – деп атап өтті президент.
Тоқаевтың айтуынша, табиғатқа ұқыпты қарау, ережелерді сақтау және өзара құрмет қоғамның күнделікті мәдениетінің бөлігі болуы керек.
«Табиғатты аялау, өзара құрмет қағидаттарын, сондай-ақ барлық белгіленген нормалар мен ережелерді сақтау отандастарымыздың мінез-құлқының, тіпті ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оның үстіне, қазір Конституцияның өзі осыған міндеттейді», – деп баса айтты президент.
Ол сондай-ақ Астана мен Алматыға келген шетелдік қонақтардың оң баға бергенін тілге тиек етті, дегенмен абаттандыру жұмыстары ең алдымен азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.