«Жазбаша қабылданбайды»: Еспаева Құрылтайға дайындықсыз келген вице-министрлерді сілкіп алды
Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовке өз ведомствосының шығыстарына қатысты нақты жауап бере алмағаны үшін ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дания Еспаева ведомство өкілдеріне отырысқа тыңғылықты дайындалып келіп, депутаттардың сұрақтарына тікелей жауап беруді талап етті.
«Құрметті мемлекеттік органдардың өкілдері, бүгін біз жауапты вице-министрлерді шақырдық. Сондықтан бұл сіздер жатқа білетін, үш жылдық бюджет жобасы деп үміттенемін. Оны жақында ғана бекіттіңіздер. Бүгін үш жылдық бюджетті қарастырып отырып, «жазбаша түрде ұсынамыз» деу дұрыс емес. Сол себепті қалған вице-министрлердің барлығынан депутаттардың сұрақтарына барынша толық жауап беруді және жазбаша жауаптарға сілтеме жасамауды сұраймын. Жазбаша жауаптар қабылданбайды», деді Дания Еспаева.
Ол қойылған сұрақтың тікелей ведомство шығыстарына қатысты болғанын да атап өтті. Еспаеваның айтуынша, мемлекеттік органның өкілі мұндай ақпаратты өзгелерден жақсы білуі тиіс.
«Сұрақ өте қарапайым болды! Бұл сіздердің шығыстарыңызға қатысты. Мұны сіздер бәрінен жақсы білуге тиіссіздер. Үкімет өкілдері, осыған назар аударыңыздар. Біз презентация болатынын алдын ала ескерттік. Әрқайсыңыз дайындалып келуге тиіс едіңіздер!», - деді Құрылтай төрағасының орынбасары.