Бұл туралы депутат Дидарбек Ділдәбек Құрылтай отырысында айтты
Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы жастардың 5,8 пайызы оқымайды және жұмыс істемейді. Депутат Дидарбек Ділдәбек Құрылтай отырысында NEET санатындағы жастармен жұмыс жүйесін күшейтуді ұсынып, қолданыстағы жастар саясатының бірқатар мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дидарбек Ділдәбек осы мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа депутаттық сауалын жолдады.
Депутаттың сөзінше, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елде 100 мыңнан астам тіркелген және 300 мыңнан астам уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас бар.
«Бұл топ – деструктивті тәуекелдерге бейім ең осал орта», – деді Дидарбек Ділдәбек.
Оның айтуынша, Қазақстанда жастарды әлеуметтендірумен 235 Жастар ресурстық орталығы айналысады. Алайда олардың жұмысы жастардың барлық санатына бірдей жете бермейді.
Депутат әсіресе ауылдық жерлердегі және қала маңындағы жастардың мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы ақпараттан тыс қалатынын айтты.
«Жастар ресурстық орталықтарының мүмкіндіктері көбінесе қалалық белсенді жастардың арасында ғана қалып отыр. Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүруде», – деді ол.
Ділдәбектің пікірінше, жастар ресурстық орталықтарының жұмысы өткізілген іс-шаралардың санымен емес, нақты нәтижесімен бағалануы керек. Мысалы, тұрақты жұмысқа орналасқан немесе қысқа мерзімді курстан өтіп, сұранысқа ие мамандық алған жастардың саны негізгі көрсеткіш болуы тиіс.
Ол сондай-ақ орталық қызметкерлерін жастар көп шоғырланатын жерлерге – ірі базарларға, вокзалдарға және қала маңындағы жұмысшы кенттеріне жіберіп, көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыруды ұсынды.
Депутат мемлекеттік ақпараттық жүйелерді де жастарды анықтау және оларға көмек көрсету үшін тиімді пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, «Smart Data Ukimet» жүйесінде арнайы алгоритм енгізіп, 15–35 жастағы азамат оқудан шыққан немесе оның атына зейнетақы жарнасы түспеген жағдайда, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS-ұсыныс жіберуге болады.
«Жастар тығырыққа тірелгеннен кейін ғана емес, мәселе енді басталған кезде анықталуы керек», – деді депутат.
Ділдәбек аудандық және ауылдық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің еңбекақысы да жеткіліксіз екенін айтты. Осыған байланысты ол жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізіп, үнемделген қаражатты жастармен тікелей жұмыс істейтін инспекторлардың жалақысын көтеруге бағыттауды ұсынды.
Депутат «Әділет» партиясы жастарды ел дамуының негізгі қозғаушы күші деп санайтынын айтып, жастар саясатының басты мақсаты іс-шара өткізумен шектелмей, нақты әлеуметтік және экономикалық нәтижеге бағытталуы керек екенін жеткізді.