Тоқаев пен Кореяның премьер-министрі Alatau Smart City жобасымен танысты

Жобаны салуда корейлік серіктестерді тарту көзделіп отыр

Тоқаев пен Кореяның премьер-министрі Alatau Smart City жобасымен танысты
Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Кореяның премьер-министрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобасымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Alatau Smart City жобасына корейлік серіктестерді тартуға ниетті. Бұл жобаға қатысты Тоқаев Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылу салтанатында да назар аударған

«Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз», – деген еді Тоқаев.

Жалпы, Ақорданың мәліметіне сүйенсек, KIND, KAIST және Korea Airports Corporation корей компаниялары K-Smart қалашығын құруға, білім беруге, R&D инфрақұрылым, қалалық әуе қозғалысы, цифрлық модельдеу, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, Тоқаев пен Кореяның премьер-министрі қаланың әуе қозғалысын басқарудың UAM/UTM жүйесімен танысқан. Ол ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротаксиді пайдалану мүмкіндігін қарастырады.

Alatau City жобасы қала құрылысы, білім беру және зерттеу, өнеркәсіп пен логистика, цифрлық технологиялар, инвестициялық ынтымақтастық салаларын біріктіретін ашық халықаралық платформа саналады.