Қазақ-корей дөңгелек үстелі жұмысын бастады: Тоқаев 12 миллиард доллар инвестиция туралы айтты
Президент дөңгелек үстелдің ашылуында сөз сөйледі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Тоқаев ең алдымен соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
«Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз. Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін», – деді Тоқаев.
Былтыр екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқан. Бұған назар аударған Тоқаевтың пікірінше, екі елдің үкіметі мен компаниялары күш-жігерін біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
«Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр», – деді Тоқаев.