Оның жұмысын үш депутат үйлестіреді
Бүгін, 14 қыркүйектен бастап Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы жұмысын бастайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Құрылтай Төрағасының орынбасары, депутат Динара Закиева Қоғамдық қабылдаудың жұмысын ұйымдастыру, депутаттардың азаматтарды қабылдау тәртібі және қабылдау кестесін таныстырған.
«Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауының ашылуы Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі бастамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнатуға, олардың өтініштері мен ұсыныстарын зер салып қарауға, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тиімді өзара байланыс жасауына арналған алаң болмақ», – дейді Зәкиева.
Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың тапсырмасына сай, Қоғамдық қабылдауда депутаттардың азаматтарды қабылдауын ұйымдастыру және өткізу қағидалары әзірленді. Тұрақты комитеттердің төрағалары өз комитеттері депутаттарының қабылдауын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
«Қоғамдық қабылдаудың жұмысын үйлестіруді Құрылтай депутаттары Константин Авершинге, Айжан Аймағановаға және Шолпан Кариноваға жүктеу ұсынылды», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.
Осылайша, дереккөзге сүйенсек, Қоғамдық қабылдау 14 қыркүйектен бастап жұмысқа кіріседі.
«Халық Құрылтай депутатының қабылдауына бірнеше жол арқылы жазыла алады. Атап айтқанда, Құрылтайдың ресми сайты арқылы электрондық өтініш жолдау, жазбаша немесе қолма-қол өтініш беру, сондай-ақ Қоғамдық қабылдауға тікелей ауызша жүгіну қарастырылған», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.