Бүгін президент Нұрлан Жақыповты қабылдады
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу қордың қазір атқарып жатқан жұмысы мен қаржылық есебіне арналған.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының қызметі, негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы есепті тыңдады», - деп хабарлайды Ақорда.
Нұрлан Жақыповтың сөзіне сенсек, 2026 жылы Қор 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын аяқтауға ниетті көрінеді.
«Соның ішінде Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын және гибридті электр станциясын салу жобасы бар», - деп хабарлайды Ақорда.
Және Ақорданың мәліметіне сүйенсек, «Самұрық-Қазына» Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеуге таяп қалған екен. Осы және өзге де мәліметтерді тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қор жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеген.