«Бір белдеу, бір жол» мегажобасы: ШЫҰ-ға мүше елдердің Бірыңғай транзит цифрлық платформасы құрылмақ

Автор: Бақыт Шынар

Бұл бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында ұйымға мүше елдердің экономикалық байланысын нығайтып, сауда-саттықты өзара тиімді ететін тәсілдерді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалған екен. Бірақ, Тоқаевтың пікірінше, бұл ұйымға мүше елдер өздерінің экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отыр.

«Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады», – дейді Тоқаев.

Ақорда жазғандай, тағы бір бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Осы ретте Тоқаев Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды деді.

«Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын», – деді Қазақстан президенті.

Ал мемлекеттердің географиялық байланысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық артықшылығы болып отырған соң Тоқаев бұл бағытта да жұмысты күшейту керек деді.  

«Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз, – деді Тоқаев.