Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы мектеп – Қазақстан мен Қырғызстанның тарихы тоғысқан білім ордасы

Мектеп екі халықтың арасындағы тарихи әрі достық байланыстың көрінісі іспетті

Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы мектеп – Қазақстан мен Қырғызстанның тарихы тоғысқан білім ордасы
Фото: akorda.kz, president.kg

Бішкектегі №33 Кемел Тоқаев атындағы мектеп-гимназия – Қазақстан мен Қырғызстанның тарихы тоғысқан ерекше білім ошағы. Бүгінде мұнда балалар білім алады, түрлі мәдени және білім беру іс-шаралары өтеді. Мектеп екі халықтың арасындағы тарихи әрі достық байланыстың көрінісі іспетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мектеп 1940 жылы ашылған. Бір жылдан кейін ғимарат Фрунзе әскери жаяу әскер училищесіне берілген. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда офицерлер даярланып, олардың көпшілігі кейін майданға аттанған.

Дәл осы ғимараттан Қазақстанның белгілі жазушысы, соғыс ардагері әрі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев майданға аттанған. Оның осы мектеппен байланысын ескере отырып, білім ордасына Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Мектепке жазушының атын беру туралы бастаманы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров көтерген. Тиісті шешім өткен жылдың мамыр айында қабылданды.

Ал 2025 жылдың тамыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров мектепке арнайы барды.

Сол кезде екі елдің президенттері Қазақстан тарапы мектепке сыйға тартқан оқушылар автобусын көрді.

Мектепте жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Өткен жылы мұнда фойе мен дәліздер жөнделіп, акт залы жаңартылды.

Биыл 120 орындық асханаға арналған қосымша ғимарат салынып, жабдықталды. Сонымен қатар барлық санитарлық тораптар жөнделіп, бастауыш сынып оқушылары үшін жылы кіреберіс пен ата-аналарға арналған күту залы жасалды.

2027 жылға мектептің жеке кітапхана корпусын салу жоспарланған.