Қазақстан президенті ШЫҰ-ның басты қағидаттарын БҰҰ қарарына енгізуді ұсынды
Тоқаев БҰҰ-ның халықаралық жүйедегі рөлі туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитте сөз сөйлеп, ШЫҰ-ның басты қағидаттарын БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Президент Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға берді.
– Қырғызстан Ұйым мүшелерін жұмылдырып, біздің ұсыныстарымыздан «Тұрақты бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы бірлік» ұраны аясында мазмұнды күн тәртібін қалыптастырды. Бішкек саммитінің қорытындысы ортақ мақсаттарға бір табан жақындатып, Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты сақтайтын басты тіректердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, күш көрсету мен конфронтацияның орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуы керек.
– Халықаралық аренадағы мұндай ықпалдастықтың ең үлгілі моделі «Шанхай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қызметіндегі теңдік пен консенсус қағидаттары, шын мәнінде, көпжақты ынтымақтастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілгенін атап өтті.
– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.
Президент реформалардың жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін білдірген мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстанның теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясат ұстанымынан айнымайтынын мәлімдеді.
Тоқаев БҰҰ-ның халықаралық жүйедегі рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, ұйымға қатысты сын айтылғанымен, оның баламасы жоқ.
– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің халықаралық құқықты қорғауға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Бас хатшы бастамасымен қолға алынған реформа ұйымның әмбебап сипатын сақтап, оны тиімді әрі нақты нәтижеге бағытталған құрылымға айналдыруы тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев орта державалардың жаһандық басқарудағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
– Мұндай елдер түрлі орталықтар арасындағы диалогқа және ұжымдық шешімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олардың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды, – деді Президент.
Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне назар аударды. Президенттің айтуынша, технологияның қарқынды дамуы жаһандық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.
– Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қолданысына жол бермейтін және цифрлық алшақтықты қысқартатын әмбебап ережелер қажет. Қазақстанның бастамасымен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.