Тоқаев су қауіпсіздігін әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде атады
Қазақстан президенті тағы да Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Бүгін «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін бүкіл әлемдегі өзекті мәселе ретінде атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Айта кетейік, Тоқаев су қауіпсіздігі мәселесін бұған дейін де бірнеше рет қозғап, Халықаралық су ұйымын құруды ұсынған болатын.
«Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды», - деп еске салды Тоқаев.
Бірақ, Тоқаев атап өткендей, бұл ұйымның басты міндеті қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу.
«ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін», – деді президент.