«Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті»: Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Синьхуа» ақпарат агенттігіне жазбаша пікір танытқан 

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті»: Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді
Фото: Ақорда

Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын. Бұл туралы «Синьхуа» халықаралық ақпарат агенттігіне жазбаша сұхбат берген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды

Айта кетейік, күні кеше Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына, одан бөлек, «ШЫҰ +» саммитіне қатысқан еді.

Осы сапары кезінде халықаралық «Синьхуа» агенттігіне жазбаша сұхбат берген Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа кеңінен тоқталған екен.  

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір», - деді Тоқаев.

Яғни, Тоқаев атап өткендей, Қытай мен Қазақстанды бір жағынан ортақ шекара байланыстырса, екінші жағынан сан ғасырлық тату көршілердің тарихы біріктіріп отыр.

«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев дәл қазір екі елдің стратегиялық серіктестігі де  шын мәнінде жан-жақты сипат алғанына ерекше тоқталды. Яғни, бұл серіктестік  сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр.

Бұдан басқа сұхбаттан екі елдің сауда жаңа рекордтық көрсеткіші де рекорд орнатқанын аңғаруға болады. Яғни, Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.

«Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді Қазақстан президенті.

Және де Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттарға тоқтала келе, бұның бәрі Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесі қалыптастырып отыр деп баға берді.

Қазақстан президентінің халықаралық «Синьхуа»  ақпарат агенттігіне берген сұхбатының толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.