Тоқаев: Технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін

Қазақстан президенті халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берді

Тоқаев: Технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін
Фото: Ақорда

Өздеріңіз білетіндей, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. Қазақстан бұл бағытта қарыштап дамыған елдермен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Халықаралыұ «Синьхуа» ақпарат агенттігіне жазбаша сұхбат берген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет.

«Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.

Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отыр. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.

Президент биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударды. Оның пайымдауынша, Ұйым ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалды. Қазақстан Президенті бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде бағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр. Академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары да кеңейе түсуде.

Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 47 пайызға көп.

«Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп сөзін түйіндеді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық «Синьхуа»  ақпарат агенттігіне берген сұхбатының толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.