Мемлекет басшысы вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
Бүгін, 31 тамыз күні Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше сағат бұрын вице-президент болып тағайындалған Ерлан Қаринді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент лауазымы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілгенін және мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше мәнге ие екенін атап өткен. Ақорданың баспасөз қызметі ресми ақпарат таратып, вице-президенттің негізгі міндеттерін тізіп шыққан.
«Мемлекет басшысы Вице-Президент Ерлан Қариннің алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Вице-Президентке Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік етіп, мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша ұстанымын жеткізуді тапсырды», - деп хабарлайды Ақорда.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынған еді. Құрылтай депутаттары оны бірауыздан қолдап, дауыс берді.