«Талапшылдық пен принципшілдік»: Құрылтай депутаттарына қандай талап қойылады
Саясаттанушы Талғат Қалиев жаңа құрамның жұмысы елдің саяси өміріндегі маңызды кезең болатынын айтты
Қазақстанда бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы шақырылымы жұмысын бастады. Саясаттанушы Талғат Қалиев оның құрамына баға беріп, жаңа депутаттардан не күтетінін айтты. Оның пікірінше, тәжірибелі парламентарийлер бұрынғы жұмысынан жинаған білімін пайдаланса, Құрылтай құрамына алғаш рет келген депутаттар заң шығару ісіне жаңа тәсілдер әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талғат Қалиев Құрылтай құрамы туралы қорытынды жасағанда сайлау нәтижелеріне назар аудару қажет екенін айтты.
«Меніңше, Құрылтай халықтың таңдауын көрсетеді. Сайлауға қатысу деңгейі жоғары болды, дауыс беру нәтижесінде қазіргі құрам жасақталды», – деді саясаттанушы.
Ол Құрылтай құрамындағы тәжірибелі депутаттар мен бұрын Мәжілісте депутат болмағандардың арақатынасына тоқталды. Сарапшының бағалауынша, депутаттардың шамамен 20 пайызы бұрынғы Мәжілісте жұмыс істеген болса, 80 пайызы – жаңа есімдер.
«Бұл – өте жақсы баланс. Бұрынғы Мәжіліс шақырылымдарында жұмыс істеген депутаттар өз білімін Құрылтайда қолданса, жаңа депутаттар заң шығару ісіне жаңа тәсілдер әкеледі», – деді ол.
Қалиевтің пікірінше, жаңа құрам Құрылтайдың Үкіметпен, атқарушы билікпен және жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынасына әсер ете алады. Бұған Құрылтайға берілген жаңа өкілеттіктер ықпал етпек.
«Үкіметпен, атқарушы билікпен, жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынастың жаңа форматы болады. Жаңа өкілеттіктер пайда болды. Құрылтайдың белгілі бір министрдің отставкасын талап ету мүмкіндігі бар. Сондықтан жаңа адамдардың көп болуы талапшылдық пен принципшілдіктің жоғары деңгейін қалыптастырады деп ойлаймын», – деді Талғат Қалиев.
Сонымен бірге Қалиев негізгі комитеттерге тәжірибелі депутаттардың жетекшілік етуін оң бағалады. Оның айтуынша, Серік Егізбаев, Асхат Аймағанбетов және Марат Қожаев басқаратын аграрлық, әлеуметтік-мәдени және халықаралық істер, қорғаныс пен қауіпсіздік бағыттары мемлекет үшін маңызды салалар.
«Қауіпсіздік – мемлекеттің абсолютті жауапкершілігі. Аграрлық саясат – экономикамыздың маңызды саласы. Сонымен қатар ол елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жауап береді. Ал әлеуметтік-мәдени блок – біздің мектептеріміз бен ауруханаларымыз. Жалпы, біз өзімізді әлеуметтік мемлекет деп бекіткенбіз, сондықтан бұл бағыттарда шешім қабылдағанда асықпай, салмақты қадам жасау керек. Аталған комитеттерге тәжірибелі адамдардың келуі Құрылтайда қызметке деген өте байыпты, салмақты көзқарас бар екенін көрсетеді», – деді саясаттанушы.
Талғат Қалиев Құрылтайдың алдағы жұмысын елдің саяси өмірі мен мемлекеттік құрылысы үшін маңызды кезең деп санайтынын жеткізді.
«Меніңше, бұл елдің саяси өмірі мен мемлекеттік құрылысы үшін маңызды әрі мазмұнды кезең болмақ. Құрылтайдың алдағы жұмысын бақылау қызықты болады», – деді ол.
Сарапшы жаңа депутаттар атқарушы билікпен жұмыс барысында талапшылдық пен принципшілдікті ұстануы керек деп есептейді. Сонымен бірге, ол Құрылтай жұмысының ең маңызды тұстарының бірі – шешім қабылдау процесінің ашықтығы екенін айтты.
«Ең бастысы – шешімдердің ашық қабылдануы. Құрылтай халық пен билік арасындағы көпір болуы керек. Халықта шешім қабылдаудың логикасын түсінуі қажет. Қазір қоғамда көтеріліп жатқан резонансты мәселелер Құрылтай мінберінде көрініс табуы керек», – деді саясаттанушы.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтті. Депутаттар партиялық тізімдер негізінде бес жыл мерзімге сайланды.
Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтай құрамына бес саяси партия өтті. «Әділет» партиясы 110 мандат, «Ауыл» партиясы – 10, Respublica – 9, «Ақ жол» партиясы – 8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 8 мандат иеленді.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижелерін бекітіп, 145 депутаттың мандатын бөлді.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Құрылтай спикері болып сайланды. Оның орынбасарлары Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева болды.
Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды. Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетін Серік Егізбаев, Әлеуметтік-мәдени даму комитетін Асхат Аймағанбетов, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық органдар комитетін Үнзила Шапақ, Қаржы және бюджет комитетін Ольга Перепечина басқарады. Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетіне Әмірбек Оспанбеков, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Марат Қожаев, Цифрландыру, инновация және ғылым комитетіне Дархан Ахмедиев, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетіне Наталья Годунова жетекшілік етеді.
Депутаттар халық алдында ант беріп, Құрылтайдың алғашқы сессиясында жұмысын бастады.