Бүгін президент Құрылтайдың бірінші сессиясын ашып жатыр
Бүгін Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің саясатында болып жатқан технологиялық өзгерістерге тоқтала келе, бірқатар пікірін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент ең алдымен әлемдегі тұрақсыз оқиғаларға «тасыған селдей жүйесіз, бейберекет, сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын» деп баға берді. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ, дейді Тоқаев.
«Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізіп жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр. Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді. Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды.
«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамуда. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады», - деді Тоқаев.