Израиль агенттігі Қазақстанға 4,5 миллион теңгеге гуманитарлық көмек жіберді
Сондай-ақ Израиль дәрігерлері қазақстандық әріптестеріне қолдау көрсетіп отыр
Израиль Қазақстанға 4,5 миллион теңгеге гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы Израильдің Қазақстандағы елшілігі хабарлайды.
Гуманитарлық көмек Израильдің МАШАВ халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша агенттігі атынан берілді. Агенттік Қазақстанда COVID-19 таралуын тоқтату үшін еңбек етіп жатқан дәрігерлердің денсаулығын қорғайтын құралдар жіберді.
«Коронавирус індетімен күрес әлем бойынша өзекті проблема болып отыр және бізге мұндай қиын кезде достарымызды қолдау маңызды», - деді Израиль елшісі Лиат Вексельман.
Сондай-ақ Израиль дәрігерлері қазақстандық әріптестерімен видеоконференция арқылы байлынысқа шығып, кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп, қолдау көрсетіп жатыр.
«Біз медицина және басқа да бағыттар бойынша екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан ары нығайтуға ниеттіміз», - дейді Израиль елшісі.