Шорнақтағы қақтығыс жайында жалған ақпарат таратқан 4 адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Шорнақ ауылында болған төбелес жайында жалған ақпарат таратқандардың ұсталғанын мәлімдеді.

«Кеше Өмірзақ Шөкеев Шорнақ тұрғындарына уәде еткендей, полиция жалған ақпарат таратқан алты адамның төртеуін ұстады. Олар әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы адамдарды тәртіпсіздікке шақырған. Қазір қалғандарын іздеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді Қалқаманов өзінің Facebook-парақшасында.

Еске салайық, 21 шілдеге қараған түні Түркістан облысының Шорнақ ауылында жергілікті тұрғындар арасында төбелес болып, төрт адам жараланды. Олардың бірі – полиция инспекторы. Тәртіп сақшысы оқиға орнына қызмет бабымен келіп, төбелесті тоқтатпақ болған.