Тоқаев Пәкістанның АҚШ–Иран диалогындағы арағайындық қызметіне оң баға берді
Президент Пәкістанның дипломатиялық күш-жігері халықаралық шиеленісті төмендетуге ықпал еткенін айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шарифті АҚШ пен Иран арасында өзара түсіністік туралы меморандумның жасалуына ықпал еткен дипломатиялық күш-жігерінің табысты нәтижесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұл тарихи келісімге қол жеткізуге жәрдемдескен Пәкістанның сындарлы рөлін жоғары бағалап, Шахбаз Шарифтің көреген көшбасшылығын және жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу қағидаттарына берік ұстанымын атап өтті.
Президент қол жеткізілген уағдаластықтардың Таяу Шығыстағы және жалпы әлемдегі ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
Сондай-ақ ол Исламабад өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыруға алдағы уақытта да елеулі үлес қоса беретініне сенім білдірді.
Әңгіме соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Пәкістанмен көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады және Премьер-министрге жауапты қызметінде табыс тіледі.