Тоқаев төрт облыс әкімдеріне: «Өңірлерді дамыту жаңа тәсілдерді талап етеді»

Әкімдер Президентке өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есеп берді

Тоқаев төрт облыс әкімдеріне: «Өңірлерді дамыту жаңа тәсілдерді талап етеді»
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының және Ұлытау облысының әкімдерінің баяндамаларын тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдер Президентке өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есеп берді. Сондай-ақ облыс басшылары Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серік Шәпкеновтің, Ербол Қарашөкеевтің, Нұрдәулет Қилыбайдың және Дастан Рыспековтің назарын өңірлерді дамыту жаңа тәсілдерді талап ететініне аударды.

Мемлекет басшысы әкімдерге тиісті облыстардың экономикалық әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың мүддесіне қатысты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, балаларды оңалту орталықтарының, емханалар мен ауруханалардың құрылысын жеделдету міндетін қойды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы ауқымды жұмысты жалғастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтармен тұрақты байланыста болып, туындаған мәселелерге дер кезінде ден қою қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, өңір басшыларына экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, қылмысқа және заңды қасақана бұзу әрекеттеріне қарсы батыл күрес жүргізу тапсырылды.