Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту, суперкомпьютерлерді іске қосу және жаңа буын мектептерін ашу арқылы цифрлық трансформацияны жеделдетіп жатыр
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жасалып жатқан жүйелі қадамдарға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде. Былтыр халыққа Жолдауымда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет жүктедім. Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін биыл, яғни, 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз» - деп нақтылады Мемлекет басшысы V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Президент жаңа Конституцияда дербес мәліметтерді қорғау құқығының енгізілгеніне тоқталды.
«Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз. Институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы шараның бірі болды. Аталған консультативтік орган құрамы жетекші шетелдік және отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен жасақталды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.