Екі президент БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп жатыр
Бүгін Ақордада Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз мәлімдемесінде Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Владимир Путин зор үлес қосқан дейді.
«Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды», - деді Тоқаев өз сөзінде.
Қазақстан президентінің пайымынша, Путин жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезде «орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып» отыр.