Путин Тоқаевқа алғыс білдірді
Владимир Путин Қазақстанмен тарихи байланыс, өңірлік қауіпсіздік және көпполярлы әлем құру мәселелеріне тоқталды
Ресей президенті Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында жарияланған мақаласында екі елдің тарихи достығы, ортақ қауіпсіздік ұйымдары аясындағы ынтымақтастық және Еуразиядағы тұрақтылықтың маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бәріміз Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихына зор құрметпен қараймыз. Әсіресе біз үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны ерекше. Елдеріміз жұдырықтай жұмылып, нацизмге қарсы күрескен, зор шығынға ұшырағанына қарамастан, жанқиярлық көрсетіп, бүкіл Еуропаға бейбітшілік орнатқан әкелеріміз бен аталарымыздың ерен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысу үшін 8-9 мамырда Мәскеуге арнайы келген Президент Тоқаевқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз», - деді Владимир Путин.
Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ресейге жасаған мемлекеттік сапарына тоқталды.
«Қазақстан Президентінің былтыр қараша айында елімізге жасаған мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында «Мәңгілік достық – халықтарымыз үшін жарқын жол» атты мақаласы жарияланған еді. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екі елдің стратегиялық одақтастығы Еуразиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың өте маңызды факторы екенін айрықша атап өтті. Сол уақытта, яғни қараша айында Мәскеуде қол қойылған Жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декларацияда қос мемлекеттің халықаралық құқықтың нормаларын, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын сақтай отырып, барынша әділетті көпполярлы әлемдік тәртіп орнатуға мүдделі екені айқын көрсетілді. Ресей мен Қазақстан халықаралық қатынастарды өзара теңдік, барлық мемлекеттердің заңды мүдделері мен олардың мәдени және өркениеттік ерекшеліктерін ескеру қағидаттарына негізделген демократия талаптарына сай дамытуды қолдайды», - дейді Ресей көшбасшысы.
Айтуынша, екі ел арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың маңызы зор.
«Қазіргідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында Ресей мен Қазақстан мықтап қолға алған өңірлік ынтымақтастық тетіктерінің мән-маңызы одан сайын арта түскені анық. Мен бұл жерде, ең алдымен, Астанада алдағы күндері кезекті саммиті өтетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтып отырмын. Бұған қоса Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, «Ресей-Орталық Азия» форматындағы кездесулерді атап өтуге болады», - деп мәлімдеді Путин.
Айта кетейік, бұған дейін Путин Ресей мен Қазақстанның арасында мызғымас достық орныққаны туралы айтты.