$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.07.2020, 10:19
Саясат

«Іске қайта кірісемін»: Асқар Жұмағалиев отставкасы жайлы пікір білдірді

Экс-министр Елбасы мен Президентке алғыс білдірді

«Іске қайта кірісемін»: Асқар Жұмағалиев отставкасы жайлы пікір білдірді
Фото: Батыржан Беспаев

20 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылған Асқар Жұмағалиев facebook парақшасында жазба қалдырып, қызметінен кеткен кезде қолдау білдіргендердің көп болғанын айтты.

«Мені бұл лауазымға тағайындағанда құттықтаушылар көп болды, ал кеткен кезде қолдаушылардың одан да көп екенін көріп, таңқалып отырмын. Телефон соғып, хабарлама жазып басымыздан кешкен оқиғаларды есіме салдыңыз, өте ризамын. Кейбіріңізбен мемлекеттік мүдделерді қорғауда бірге жұмыс істесек, енді біріңізбен жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асырдық, тағы біріңіз қызықты шешімдеріңізбен бөлістіңіз. Әріптестер, достар, «цифрлық комиссарлар», пікір білдірушілер, азаматтар, менің соңғы жылдары айналысқаным – бұл біздің бірлесе атқарған жұмысымыз», - деп жазды ол.

Асқар Жұмағалиев өзі басқарған министрлік ұжымына алғыс білдірді.

«Бәріміз нәтижелі жұмыс істедік деп ойлаймын. Оның бәрін тізбектеп айтпай-ақ, өздеріңіз де білесіздер. Қазір қызметкерлер туралы айтқым келіп отыр. Мен министрлік ұжымының, ведомстволық бағынышты ұйым қызметкерлерінің әрбір қызметті цифрлау үшін, әрбір интеграция үшін және олардың қазақстандықтардың өмірін жеңілдетудегі маңызы мен қажеттілігін дәлелдеуге күш салғанына, бар ынта-жігерімен жұмыс істегеніне куә болдым. Сіздерге басымды иіп, зор алғысымды білдіремін», - деді экс-министр.

Сондай-ақ экс-министр әлеуметтік желіде барынша ашық болуға тырысқанын атап өтті.

«Осы ФБ-да (facebook – ред.) мүмкіндігінше ашық болуға тырыстым, жоспарларымызбен бөлісіп, нәтижелеріміз туралы жаздым. Бұл көпшілік үшін пайдалы болды деп үміттенемін. Дос болғаныңыз үшін, бірқатар мәселені шешуге көмектескен пікірлеріңіз үшін, идеяларыңыз үшін көп рахмет. «Цифрлық комиссарлар» – біздің тәуелсіз сарапшыларымызға алғысым шексіз, қоғам белсенділері мен ҮЕҰ басшыларына, блогерлерге тұрақты фидбек үшін көп рахмет, халықты біздің жұмысымыздан үнемі хабардар етіп отырған журналистер қауымына және біздің бастамаларымызға қолдау білдіргені үшін депуттарға зор алғыс», - деді қолдау көрсеткендерге қарата.

Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқаратын Бағдат Мусинге сәттілік тіледі.

«Бастамаларым мен Қазақстанды цифрландыру үдерістерін үнемі қолдағаны үшін Елбасыға, Президентке және сіздердің әрқайсыңызға соңғы жылдары маған артқан сенім мен көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бағдат Мусин, сәттілік тілеймін, сала сенімді қолда! Жаңа мақсаттарды айқындап, іске қайта кірісемін... ФБ-дағы достығымыз жалғасады. Бәріңізге мықты денсаулық тілеймін! Аман-сау болыңыз!», - деп аяқтады ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары