Қызылорда облысының су жаңа әкімі Тоқаевқа алдағы жоспарларын айтып берді
Мұрат Ергешбаев облыстағы жолдардың 95,5 пайызын жақсартпақ
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Қызылорда облысына әкім болып барған Мұрат Ергешбаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдымен президент әкімнің есебін тыңдап, облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.
Ақорда жазып отырғандай, жаңадан келсе де Ергешбаев облыстың қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін айтып, болашаққа арналған даму жоспарын баяндаған.
Әкімнің айтуынша, аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, экономиканы әртараптандыруда алдағы үш жылға 1 триллион 900 миллиард теңгенің 48 инвестициялық жоба іске аспақ. Бұдан басқа, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салынып жатыр.
Жыл соңына дейін 10 елді мекенге газ тартылып, халықтың 85 пайызы газға қосылады деген жоспар бар.
Әкім сондай-ақ жыл соңына дейін облыстағы 138 шақырым автомобиль жолдарын, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеп, жолдардың 95,5 пайызын жақсартпақ.
Осыны тыңдаған президент Ергешбаевқа экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілгерілету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.