Орган тек қоғамдық негізде жұмыс істейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «Халық кеңесі» конституциялық органының жұмыс істеу тәртібі мен талаптары қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халық кеңесі конституциялық орган, екіншіден Халық кеңесі Құрылтайға заң өткізуге құқылы, сонымен бірге референдум жасауға бастамашы болуға, Қазақстанның ішкі саясаты бойынша барлық мәселеге өз ұсынысын беруге құқылы. Яғни Халық кеңесі бұрынғы консультациялық органдардан ерекшелігі конституциялық орган болуында, сонымен бірге мемлекеттік органдарға нақты өзінің ұсынымдарын бере алады», – деді Ерлан Саиров Парламент кулуарында.
Депутат атағандай, Халық кеңесі Құрылтайға заң ұсына алады, ал Құрылтай құжатты ары қарай қарайды.
«Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді және үш бағыттан құрылады: Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтар, Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері, аймақтардағы мәслихаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері. Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады. Ең соңында тізімді заң бойынша Президент бекітеді. Төрағаны Президент ұсынады, бірақ оны сол Халық кеңесінің мүшелері өздері сайлап алады. Жалпы Халық кеңесінде 126 адам болады. Халық кеңесінің төрағасы кең өкілеттіктерге ие болады. Ол Халық кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, аппаратқа басшылық жасайды, тиісті құжаттарға қол қояды. Төраға тәжірибесі бар, қоғамдық қызмет саласында жұмыс істеген адам болуы тиіс. Меніңше, бұл демократиялық жұмыс. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы, егер оның тәжірибесі мен қоғамдық беделі болса, бұл лауазымға үміткер бола алады», – деді Саиров.
Депутат «Халық кеңесінің» негізгі жұмыс органы сессия, ал сессия жылына кемінде бір рет шақырылады, қажет болған жағдайда төрағаның шешімімен одан да жиі өткізілуі мүмкін екенін айтты.
«Осы сессияның аясында Халық кеңесінің барлық шешімдері қаралады. Оның ішінде Құрылтайға заң ұсыну, референдум бастамасын көтеру және Қазақстанның ішкі саясатына қатысты барлық мәселелер талқыланады.Сессия кемінде жылына бір рет өткізіледі. Олар жалақы алмайды, тек қоғамдық негізде жұмыс істейді.Төраға жалақы алады, себебі оның жанында хатшылық болады. Хатшылық ол мемлекеттік орган Басқарушы мүше саны шамамен он адам болуы керек», – деді Ерлан Саиров.