Тоқаев пен Хурэлсух Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екендерін растады

Бұл жолдың игілігін көршілес елдерде көреді, деп сенеді президент

Тоқаев пен Хурэлсух Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екендерін растады
Фото: Ақорда

Бүгін Ақордада БАҚ өкілдеріне брифинг кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен төте жалуға қатысты мүддесін растады. Жолдың қаншалықты тез салынуы үкіметаралық комиссияның жұмысына байланысты болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөз барысында көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілген.

«Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды», - деді Тоқаев.

Қазақстан президентінің айтуынша, бұл жолдың игілігін Қазақстан мен Моңғолия ғана емес, іргелес елдер де көреді.

«Баршаңызға мәлім, мен былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммитінде «Трансалтай сұхбат алаңын» құруды ұсындым. Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз. Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Қазақстан президенті.