Қазақстан мен Моңғолия екі ел арасында төте жол салып, Өскемен – Өлгей рейсін қайта ашпақ
Сондай-ақ, екі елдің астанасы арасындағы рейс те қайта ашылады деген үміт бар
Қазақстан мен Моңғолия екі ел арасында төте жол салып, Астана мен Ұлан-Батыр, Өскемен мен Өлгей арасындағы әуе рейстерін қайта жандандырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, дәл қазір Ақордада ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі өтіп жатыр.
Ақорда хабарлағандай, тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды.
«Екі елдің президенті Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасында төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау мақсатында Үкіметаралық жұмыс тобын құрудың маңызына мән берді», - деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан президенті Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты. Бұдан бөлек, Ақорда жазғандай, кездесуде екі елдің білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілету мәселесі қарастырылды.