«Әдейі ерте айтып отырмын»: Тоқаев Құрылтай сайлауы тамыз айында өтетінін хабарлады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы бүгін Тоқаев Ақордада мәлім етті

Фото: Ақорда

Қазақстанда тамыз айында Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл туралы бүгін Ақордада ғылымдармен кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады», - деді Тоқаев. 

Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте, президент атап өткендей, бұл реформалар саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс.