То Лам Вьетнамның 2031 жылға дейінгі президенті болып сайланды – Тоқаев әріптесіне жеделхат жолдады

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстан президенті шетелдік саясаткерге толағай табыс тіледі

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті То Ламға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ақорда хабарлады. Айта кетейік, бүгін, 7 сәуір күні таңертең Вьетнамдағы Ұлттық жиналыстың 16-шы отырысында Вьетнам Социалисті Республикасының 2026-2031 жылдар аралығындағы президенті сайланды. Сайлауда То Лам 100 пайыз дауыспен президент болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды Президент болып сайлануымен құттықтады. 

«Сайлаудағы жеңісіңіз елді саяси-экономикалық тұрғыдан өркендетуге және ұлттық мүддені халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған маңызды жоспарларыңызға азаматтардың сенімі жоғары екенін көрсетеді. Сіздің парасатты саясатыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасында Отаныңыз бүгінгіден де биік белестерге жете беруіне тілектеспін», – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Вьетнамды Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, өзара стратегиялық әріптестік қос халықтың игілігі үшін одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.