Конституциялық реформалардың жемісін халық қашан көре бастайды: сарапшылар ойын ортаға салды
Елімізде референдумда дауыс бергендердің 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдады
Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. 15 наурызда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша азаматтардың басым бөлігі ұсынылған құжатты қолдады. Сарапшылар бұл оқиғаны елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңі ретінде бағалап отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұртай Иманғалиевтің айтуынша, өткен референдум тек конституциялық мәтінді жаңарту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынастардың жаңа сапалық моделін қалыптастыруға бағытталған жүйелі реформалардың көрінісі болып отыр.
«2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумға шамамен 12,48 миллион сайлаушының ішінен 9 127 192 азамат қатысып, жалпы қатысу деңгейі 73,12%-ды құрады. Бұл көрсеткіш азаматтардың саяси процестерге едәуір деңгейде тартылғанын білдіреді. Сонымен қатар, дауыс бергендердің 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берген. Бұл қоғамда институционалдық өзгерістерге деген белгілі бір сұраныстың бар екенін көрсетеді», – деді ол.
Сонымен бірге, сарапшы саяси белсенділікті тек қатысу деңгейімен өлшеу жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың саяси процестерге қатысу сапасы – реформалардың мазмұнын түсінуі, қоғамдық пікірталастарға қатысуы және саналы таңдау жасауы арқылы айқындалады.
«Осы тұрғыдан алғанда, референдум нәтижелері саяси белсенділіктің өсу үрдісін көрсеткенімен, оның сапалық құрамдас бөлігі әлі де талдауды қажет етеді», – деді Нұртай Иманғалиев.
Сарапшының айтуынша, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту және оларды қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейту.
Бұл бағыт жаңа Конституцияда кеңінен көрініс тапқан. Заңгер Забира Оразалиева да осы мәселеге ерекше тоқталып, құжаттың адам құқықтарына басымдық беретінін атап өтті.
«Жаңа Конституция болашақтың қамын жасайтын құжат. Онда адам капиталының, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияның дамуына ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар мемлекет халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге міндетті екені айқындалған», – деді ол.
Оның айтуынша, әлеуметтік кепілдіктердің конституциялық деңгейде бекітілуі отбасыны, ана мен баланы және ерекше қорғауды қажет ететін азаматтарды қолдаудың берік құқықтық негізін қалыптастырады.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда бұрын болмаған бірқатар нормалар енгізілген. Атап айтқанда, азаматтардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау міндеті бекітіліп, экологиялық қауіпсіздікке қатысты маңызды талаптар күшейтілген.
«Жаңа Конституция алғаш рет азаматтардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау міндетін белгілейді және лауазымды адамдардың өмірге, денсаулыққа немесе экологиялық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ақпаратты жасыруына жол берілмейтінін бекітеді», – деді заңгер.
Адам құқықтарын қорғау мәселесі тек декларативті деңгейде емес, нақты құқықтық тетіктер арқылы да күшейтілген. Мәселен, дербес деректерді қорғау, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, кінәсіздік презумпциясы сияқты нормалар конституциялық деңгейде бекітілген.
«Мысалы, жаңа Конституцияның 79-бабында соттарға адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды қолдануға тыйым салынған. Егер сот мұндай жағдайды анықтаса, ол іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық сотқа жүгінуге міндетті», – деді Забира Оразалиева.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесіне де елеулі өзгерістер енгізеді. Сенат депутаты Жанна Асанова реформаларды саяси жүйені жаңғыртудағы маңызды өзгеріс ретінде бағалады.
«Мен бұл референдумның нәтижесін ел үшін саяси әрі тарихи маңызы жоғары кезең ретінде бағалаймын, себебі шешімді халықтың өзі тікелей қабылдады. Мұндай деңгейдегі қолдау – институционалдық жаңғыруға берілген нақты қоғамдық мандат», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның негізінде адам құқықтары мен бостандықтары, халықтың билік көзі ретіндегі рөлі және мемлекеттің ұзақ мерзімді құндылықтары жатыр.
«Бұл логиканың негізінде адам, оның құқықтары мен бостандықтары, халықтың билік көзі ретіндегі рөлі, сондай-ақ заң мен тәртіп, ұлттық бірлік, білім, ғылым, инновация, мәдениет және экологиялық жауапкершілік тұр», – деді Жанна Асанова.
Оның пікірінше, жаңа Конституция жекелеген өкілеттіктерді ғана емес, тұтас мемлекеттік құрылымның архитектурасын өзгертеді.
«Конституцияда билік тармақтарының бөліну қағидаты сақталады және жаңа институттар енгізіледі. Атап айтқанда, Құрылтай, вице-президент институты, Халық кеңесі сияқты құрылымдар пайда болады», – деді депутат.
Сондай-ақ Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі бекітіліп, бұл норма саяси жүйенің жаңарып отыруына кепілдік беретін маңызды конституциялық шектеу ретінде айқындалған.
Сот жүйесіне қатысты да маңызды өзгерістер көзделген. Жанна Асанованың айтуынша, бұл салада екі бағыт айқындалады: құндылықтық және институционалдық.
«Біріншіден, Конституция адам құқықтарын қорғауды күшейтеді. Сот арқылы қорғау, білікті заң көмегін алу, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген зиянды өтеу құқығы бекітіледі. Екіншіден, жаңа Конституция сот жүйесі мен оған қатысты заңнаманы жаңартуды талап етеді», – деді ол.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, референдум нәтижелері саяси жүйені трансформациялауға бағытталған ұзақ мерзімді үдерістің бастамасы болып табылады. Бұл тұрғыда Нұртай Иманғалиев реформаларды аяқталған процесс ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.
«Бұл процесті ұзақ мерзімді институционалдық эволюцияның бастапқы кезеңдерінің бірі ретінде қарастырған жөн», – деді ол.
Оның айтуынша, реформалардың нәтижелері кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қысқа мерзімде заңнамалық өзгерістер қабылданса, орта мерзімде мемлекеттік институттардың қызметі өзгереді, ал ұзақ мерзімде қоғамдағы саяси мәдениет пен құқықтық сана деңгейі қалыптасады.
Сарапшылардың пікірінше, қабылданған нормаларды тиімді іске асыру қазіргі уақыттағы басы міндет болып саналады.
«Кез келген конституциялық реформа екі кезеңнен тұрады: біріншісі – Конституцияны қабылдау, ал екіншісі – оны заңдар арқылы іске асыру. Қазір біз дәл осы екінші кезеңге өттік», - деді Жанна Асанова.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес конституциялық және салалық заңдарды қабылдау қажет, алайда реформалардың шынайы нәтижесі олардың нақты жұмыс істеуімен өлшенеді.
Бұл ойды Забира Оразалиева да қолдайды. Оның пікірінше, Конституцияның тиімділігі құқық қолдану тәжірибесіне тікелей байланысты болады. Сонымен қатар ол референдумның ұйымдастырылуына да тоқталды.
«Дауыс беру кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толық қорғалды. Барлық учаскелерде тәуелсіз бақылаушылар жұмыс істеді, ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Азаматтар ерікті түрде, еш кедергісіз өз таңдауын жасады», – деді заңгер.
Жалпы алғанда, сарапшылар референдум Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін айқындағанын атап өтті. Жоғары қатысу деңгейі мен қолдау көрсеткіші қоғамда өзгерістерге деген сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Ал конституциялық реформалардың түпкілікті нәтижесі олардың нақты іске асырылу сапасына, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және азаматтардың саяси процеске тұрақты қатысуына байланысты болмақ.