Екі ел бір-бірінің стратегиялық мүдделеріне зиян келтіретін әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді
Парламент Мәжілісі Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Душанбе қаласында қол қойылған құжат екі елдің саяси, экономикалық, әскери, ғылыми және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтіп, аймақтық мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжаттың басты мақсаты – Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Келісім саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара байланыстарды күшейтуді көздейді. Сонымен қатар кәсіпкерлік пен экономикалық қызметтің дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады.
Құжатқа сәйкес, тараптар екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарына зиян келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.
Сондай-ақ келісімде парламенттер арасындағы байланыстарды күшейту қарастырылған. Ол үшін парламентаралық достық топтарының жұмысы жанданып, халықаралық парламентаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс кеңейтіледі. Тараптар өңірлік мәселелерді талқылау мен шешуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін маңызды алаң ретінде қарастырады.
Бұдан бөлек, құжатта су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуы мен экологиялық тұрақтылығы үшін маңызды бағыттардың бірі.
Жалпы, осы шарттың ратификациялануы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, деп атап өтті депутаттар.