$ 491.59  572.16  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жыл соңында қоғамға бейтаныс тұлғалардың саясат сахнасынан көрінуі ықтимал – сарапшы

Құжатты талқылау барысында қоғамның түрлі өкілдері өз ұсыныстарын жолдаған

 

Жыл соңында қоғамға бейтаныс тұлғалардың саясат сахнасынан көрінуі ықтимал – сарапшы
Фото: видеодан скриншот

Саясаттанушы Марат Шибұтов «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сараптамалық алаңда еліміздегі конституциялық өзгерістер азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсендірек араласуына мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның пікірінше, негізгі заңды талқылауға мыңдаған адамның қатысуы саяси жүйеде ашықтықтың арта бастағанын көрсетеді.

Сарапшының айтуынша, Конституцияны әзірлеу үдерісіне тек Конституциялық комиссия мен жұмыс тобының мүшелері ғана қатысқан жоқ. Құжатты талқылау барысында қоғамның түрлі өкілдері өз ұсыныстарын жолдаған.

«Конституцияның авторлары ретінде тек 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия мен шамамен 30 мың адам қатысқан жұмыс тобы ғана емес, сонымен қатар түрлі платформалар арқылы пікір білдірген азаматтарды да атауға болады. Оның айтуынша, eGov және өзге де онлайн алаңдар арқылы шамамен 10 мыңға жуық адам өз ұсыныстарын жолдаған. Осылайша негізгі заңды қалыптастыру процесіне мыңдаған азамат үлес қосқан», - деді ол.

Саясаттанушы мұны Қазақстандағы азаматтардың саяси белсенділігін кеңейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп бағалайды. Өйткені негізгі заң тар шеңбердегі адамдардың шешімімен емес, кең көлемді қоғамдық талқылау нәтижесінде қабылданды.

Сонымен қатар сарапшы жаңа саяси модель азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттыра түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметтегі бір реттік өкілеттік мерзімінің енуі саяси жүйеде жаңа тұлғалардың пайда болуына жағдай жасайды.

«Партиялық жүйеде қолға алынған өзгерістер де саяси бәсекелестікті күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Партиялық тізімдердің кеңеюі мен депутаттардың ротациясы саясат алаңына жаңа адамдардың келуіне жол ашады», - дейді ол.

Шибутовтың пікірінше, аталған өзгерістердің нәтижесінде алдағы уақытта ел саясатында жаңа есімдердің пайда болуы әбден мүмкін.

«Жаңа саяси модель саясатқа қатысушылардың қатарын кеңейтеді. Сондықтан жыл соңына дейін қоғамға бұрын көп таныс болмаған жаңа тұлғалардың саясат сахнасынан көрінуі ықтимал», - деді ол.