Таяу Шығыс елдерінде тұрақты өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың саны белгілі болды
Өңірдегі қақтығыстан кейін елге оралуға ниет білдіргендер де бар
Қазір күрделі ахуал орнаған Таяу Шығыс елдерінде Қазақстанның 10 мыңнан астам азаматы тұрақты түрде тұрып жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жалпы консулдық есепте тұрған және нақты тұратын азаматтар саны әртүрлі болады. Біздің есептеулерге сәйкес, Таяу Шығыс елдерінде 10 мыңнан астам қазақстандық тұрақты түрде тұрып жатыр. Олардың арасында елге оралуға ниет білдіргендер де бар. Олар сол жерде заңды негізде, соның ішінде тұруға ықтиярхат арқылы жүргендер, сондай-ақ сол жақта оқитын қазақстандық студенттер», - деді Ашықбаев Мәжіліс кулуарында.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңірінен 9 517 қазақстандық елге қайтарылғанын хабарлады. Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қатардан және Сауд Арабиясы Корольдігінен азаматтарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.