Көшербаев Израиль сыртқы істер министрінен қазақстандықтарды эвакуациялау үшін көмек сұрады
Екі министр телефон арқылы сөйлесті
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланған. Дереккөзге сүйенсек, тараптар Таяу Шығыстағы ағымдағы ахуалды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды.
«Сұхбат барысында Ермек Көшербаев израильдік әріптесіне Израильде жүрген Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдем көрсету туралы өтініш білдіріп, бұл мәселе еліміз үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Өз кезегінде Гидеон Саар Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізіп, бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынына сендірді.