Президент пандемия құрбандарын үнсіз еске алу рәсіміне қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін елорда уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша бір минут үнсіздік жарияланды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия құрбандарын үнсіз еске алу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Жалпыұлттық аза тұту күніне орай, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды құрметпен еске алды. Сонымен қатар рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты», - деп жазылған хабарламада.

Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының Өкімімен 13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленген болатын. Осыған орай, түнгі сағат 00:00-ден бастап еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Ал бүгін Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды.