Мәулен Әшімбаев: Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек
Ол мұндай қаралы күннің енді ешқашан болмауын тіледі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Мемлекет басшысы коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны белгілі. Соған байланысты бүгін барша Қазақстан халқы аза тұтуда. Өкінішке қарай, пандемия салдарынан көз жұмған жандардың қатарында елдік мұратты ту еткен арыстай азаматтарымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күресіп өткен дәрігерлеріміз бар. Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек. Осыған орай, індеттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Енді мұндай қаралы күн ешқашан болмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Ол мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында пандемияның таралуына тойтарыс беріп, індетті жеңетінімізге сенім білдірді.
«Қазақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай «тар жол, тайғақ кешуден» аман қалған халық. Соның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіредік. Қазір де дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың ары қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз. Сондықтан әрқайсымыз жақындарымызға жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындауға ерекше көңіл бөлейік! Әр азаматымыздың амандығы үшін бірге күресейік!», - деп жазды М. Әшімбаев.