Президент олардың ерлігі мен батырлығын көпке үлгі қылды
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкерлерді марапаттап, оларға ықылас танытты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.
«Бұл – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжаттың жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Қазақстан Республикасының аумақтық, яғни жерінің тұтастығы, егемендігі, тәуелсіздігі, адам мен оның өмірі, барлық азаматтардың құқықтары және бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде жарияланды. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жобасында лайықты орнын тапты. Мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз. Түптеп келгенде, жаңа Ата Заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі және халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат– біреу. Бұл – келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету. Бәріміз бір ел болып осы тарихи миссияны міндетті түрде іске асырамыз. Ел қорғау – ең абыройлы міндет. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды. Сіздер келешекте де ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ете бересіздер деп сенемін», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев оларды Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапаттады.