Ерлан Қарин: қолданыстағы Ата заңның кейбір тұстарын бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз
Өйткені, жаңа Конституцияның түпнұсқасы қазақ тілінде жазылған, дейді ол
Жаңа Конституция жобасы бастан-аяқ қазақ тілінде жазылған. Сондықтан, екіұшты мәселелер туындаса ең алдымен қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынады. Бұл туралы бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, кеше кейбір желі қолданушылары жаңа Конституцияның орыс тіліндегі жобасында «тегін кепілді орта білім» деген ұғымның «тегін» деген сөзі жоқ екеніне назар аударып, мәселе көтерген еді. Кейін депутат, комиссияның мүшесі Снежанна Имашева орыс тіліндегі нұсқада «тегін» ұғымы түсіп қалғанын айтқан еді.
Бүгін Ерлан Қарин болашақта қандай да бір екіұшты мәселелер туындаса, ең алдымен құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасы назарға алынатынын мәлім етті.
«Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы алдарыңызда тұр. Бұл аударма емес, қолдарыңыздағы қазіргі жоба - о баста мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жазылған жоба. Екіұшты мәселелер туындаған кезде ең алдымен қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынады. Яғни, ел тарихында тұңғыш рет басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде әзірленіп отыр. Бұл қазақ тілінің заң тіліне айналғанын көрсетті», - деді Қарин.
Ол сондай-ақ мемлекеттік тілдегі нұсқаны әзірлеу барысында комиссия қандайұ ұстанымда болғанын айтты.
«1995 жылы қабылданған Ата заңда әртүрлі қателер анықталды. Мысалы, қазіргі Конституцияда «мемлекеттік гимн» деп жазылған. Комиссия мүшелері Конституция жобасына «мемлекеттік әнұран» деп ұсынды», - деді Қарин.
Айта кетейік, дәл бүгінгі отырыста Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев те 18-баптың 2-тармағының орыс тіліндегі нұсқасын толықтыруды ұсынды.