Құрылтайды қазақ тілін жетік білген адам ғана басқарады – конституциялық реформа

Автор: Нұргүл Абай

Кандидатураны президент ұсынады

Фото: Конституциялық сот

Бір палаталы Құрылтайды басқаратын төраға мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі тиіс. Бүгін Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осындай ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны Қазақстан президенті ұсынады, - деді сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Сонымен қатар, конституциялық реформа аясында Құрылтай төрағасының Құрылтай отырысын шақыруы, төрағалық етуі, қызметін регламентке сәйкес ұйымдастыру міндеттері де айқындалған.

«Ұсыныстармен Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруы, Құрылтайдың кезекті сессияларын өткізу мерзімі нақтыланған. Құрылтай сессиясын Қазақстан президенті ашады», - деді ол.

Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан президенті өз бастамасымен Құрылтай төрағасының немесе Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияда шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкін.