Қазақстанда жемқорларға сайлауға түсуге тыйым салынады
Соттылығы жойылмаған тұлғалардың да сайлануға құқығы болмайды
Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қазақстан азаматтарының сайлауға қатысу және сайлану құқықтарына қатысты норманы нақтылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, жемқорлық жасаған азаматтарға сайлануға тыйым салу ұсынылған.
«Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сонымен қатар сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық жасауда кінәсі сотта белгіленген тәртіппен танылған азаматтардың сайлануға құқығы болмайды», - деді Бекназаров.
Депутаттың айтуынша, бұл жаңашыл нормадағы ерекше назар аударатын түзету қазіргі таңда қоғамда өте жағымсыз сипат алған сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуы болып саналады.