$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бір палаталы Құрылтай заң жобаларын бұрынғыдай екі емес, үш оқылымда қарайды

Қазір Парламентте заң жобалары екі оқылымда қаралып, қабылданады

Бір палаталы Құрылтай заң жобаларын бұрынғыдай екі емес, үш оқылымда қарайды
Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

Болашақта құрылатын бір палаталы Құрылтай заң жобаларын қазіргідей екі оқылымда емес, үш оқылымда қарайды. Конституциялық реформа аясында осындай норма ұсынылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров заң жобаларын үш оқылымда қарау туралы міндетті норма енгізілгенін айтты.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді және заң жобалары бойынша кемінде үш оқылым өткізу туралы міндетті норма енгізіліп отыр. Бұл ұсыныс, яғни үш оқылымда қарау заңның сапасының, жалпы қабылдаудың тиімділігін арттырады деп күтілуде», - деді ол.  

Оның айтуынша, заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан халқы кеңесіне тиесілі және тек Құрылтайда ғана іске асырылады. Құрылтай халықтың өмірі мен денсаулығына, Конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің қорғалуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобаларын жедел қарауға тиіс болады.

Құрылтай қабылдаған заң 10 күн ішінде президентке қол қоюға ұсынылуы керек.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдаамау құқығы да бар. Құрылтай қабылдаудан бас тартқан заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыларға кері қайтарылады.