Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығы Құрылтайға беріледі
Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Құрылтайдың қызметі пен оның депутаттарына қойылатын талаптар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бір палаталы парламентке өтуге байланысты Конституцияның Парламент бөлімінің бірқатар бабына оның құрылуы, сайлануы, құзыретті өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделген. Бірқатар баптардың тұтастай алынып тасталуы да айқындалып отыр.
«Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы болып саналады. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциялық заңда айқындалады», – деді Нұрлан Бекназаров.
Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесімен сайланатын 145 депутаттан жасақталады. Депутаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл етіп белгілеу ұсынылған.
Құрылтай депутаттарының жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлануы, Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы Құрылтайдың жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізілуі көзделген. Ал Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізілетін болады.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған тұлға Құрылтай депутаты бола алуы ұсынылып отыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қосымша талаптар жеке конституциялық заңда белгіленеді», - деду сенатор.
Құрылтай депутатының Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі, оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы, депутаттың конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде оны сайлаған саяси партиядан шығуы немесе шығарылуы, депутатты Конституциялық заңға сәкйес партиялық тізім негізінде саяси партияның қызметінің тоқтатылуы орын алған жағдайда оны депутаттық мандатынан айыруға қатысты норма ұсынылып отыр.
«Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Құрылтай президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, конституциялық заңдарды қабылдайды. Құрылтай соғыс және бітім мәселелері, Қазақстан президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін ҚР Қарулы күштерін қолдану туралы шешімді қабылдауға қатысты қолданыстағы норманы өзгеріссіз қалдыру ұсынылады. Құрылтай Қазақстан Республикасы президентінің сайлауын жариялайды және республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Қазақстан Республикасы президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен вице-президент пен премьер-министрді тағайындауға келісім беретін болады. Сондай-ақ президенттің ұсынысымен Қазақстан Констицициялық сотының 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатасының 8 мүшесін тағайындауына Құрылта» депутаттарының көпшілік даусымен келісім беру нормасы көзделіп отыр», - деді Бекназаров.
Оның айтуынша, қазір жоғарыда аталған өкілеттіктерге келісім беру Сепнаттың құзыретінде.
«Құрылтай президенттінің ұсынуы бойынша Жоғары соттың судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды. Құрылтай еліміздің Конституциялық сотының судьяларын, Жоғары сотының судьяларын және Қаузақстан Респубоикасы бас прокурорының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарын тиіспеушіліктен айыру мәселелерін шешеді», - деді ол.
«Конституциядағы Мәжілістің көпшілік даусыменен Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығын Құрылтайға беру ұсынылып отыр. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылауы, бекітілуі Құрылтайдың құзыретінде болады. Құрылтайдың Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітпеуі Үкіметке сенімсіздік білдіретінін көрсетеді», - деді Бекназаров.