Ел іші мен шетелді қосқанда, ол биыл 168 960 шақырым жол жүрген
Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылғы жұмысын жан-жақтан қорытындылап жатыр. Қызықты деректерінің арасында президенттің неше шақырым жол жүріп, неше сағатын ұшақта өткізгені туралы мәлімет те бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметіне сүйенсек, биыл Тоқаев 23 рет шетелге шыққан.
«Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды», - деп жазады Желдібай.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, президент биыл Қазақстанның тоғыз өңіріне барған. Осы шетелдік сапарлары мен ел ішіндегі сапарларын қосқанда, президент биыл 170 мың шақырымға таяу жолды еңсерген.
«Бір жыл ішінде Президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүрді. 252 сағат уақытын ұшақта өткізді», - деп жазған Желдібай.