Ұлы ұшқыштар: Талғат Бигелдинов пен Леонид Беданың ерлік шежіресі
Ұлы Отан соғысының ержүрек ұшқыштары екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды

Қазақ даласынан шыққан қос қыран - Талғат Бигелдинов пен Леонид Беда Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында ерлік пен қайсарлықтың символына айналды. ИЛ-2 ұшағын тізгіндеген олар майдан даласында ержүректік пен батылдықтың биік үлгісін көрсетті. Әуе шайқастарында жүздеген жауынгерлік тапсырманы абыроймен орындаған қос қаһарман екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Azattyq Rýhy болашақ ұрпаққа үлгі болар аты аңызға айналған қос батырдың өмір жолын баяндайды.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы Қорғалжың ауданының Майбалық ауылында дүниеге келген. Кейін отбасы Қырғызстанның Фрунзе қаласына (қазіргі Бішкек) көшіп кетеді. Балалық шағы қиындықпен өткен Талғат еңбекке ерте араласып, татар мектебінде оқыды, үш тілді қатар меңгерді.
Жастайынан ұшқыш болуды армандаған ол Бішкектегі аэроклубта оқып, кейін Саратовтағы ұшқыштар мектебіне қабылданады. Одан соң Орынбор маңындағы бомбалаушы авиация мектебінде оқып, ИЛ-2 ұшағын меңгереді.
1942 жылы майданға аттанып, 305 рет әскери шабуыл жасап, жаудың ондаған техникасы мен стратегиялық нысандарын жойды. Бірнеше рет әуе шайқасында ерлік көрсетіп, жау ұшақтарын атып түсірді. Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 1944-1945 жылдары Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. Берлин операциясына қатысып, Жеңіс шеруінде жүріп өтті.
Соғыстан кейін Қызыл Ту әуе күштері академиясын, кейін Мәскеу инженерлік-құрылыс техникумын аяқтап, Қазақстанда азаматтық авиация мен құрылыс саласына еңбек сіңірді. Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз секілді көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосты. Бірнеше рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болды.
Ол 1966 жылы ерлік жолын баяндаған «ИЛ шабуылдайды» кітабын жазып шығарды. Өмірінің соңына дейін жастармен үлгі болып, жас өрендердің бойына патриоттық тәрбиені сіңірді. Талғат Бигелдинов 2014 жылы 10 қарашада Алматыда қайтыс болды. Есімі елге мәшһүр батырдың құрметіне түрлі ескерткіштер орнатылып, оқу орындарына аты берілді.
Леонид Беда 1920 жылы Қостанай облысы, қазіргі Ұзынкөл ауданына қарасты Ново-Покровка ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Орал қаласында тәмамдап, мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне түседі. Әуеге қызығушылығы оны 1940 жылы Орынбордағы әскери авиация училищесіне алып келеді. Осы жылы Ұлы Отан соғысы да басталған еді.
1942 жылдан бастап Беда Сталинград майданында шайқасқа қатысып, алғашқы 60 ұшуын орындаған кезде ерлігімен көзге түседі. Бір жылда 100 астам рет ұшып, бірнеше марапатқа ие болды. 1943 жылы жау ұшағын атып түсіріп, техникасына соққы берді. 1944 жылы Курман-Камельчи әуе базасына шабуыл кезінде ұшағына оқ тиіп, жау шекарасына қонуға мәжбүр болады. Сол кезде жолдасы, кіші лейтенант Береснев оны құтқарып, екеуі аман-есен оралады.
1944 жылдың қазан айында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Бедаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылы Кёнигсбергті алу операциясы үшін ол екінші мәрте осы жоғары атаққа ие болды.
Соғыс жылдары ішінде Беда ИЛ-2 ұшағымен 214 әскери ұшу жасап, 24 танк, ондаған зенит нүктелері мен техника көзін жойды, бірнеше ұшақты атып түсірді. Ол Сталинград, Донбасс, Қырым, Беларусь және Литваны азат ету операцияларына қатысқан.
Соғыстан кейін ол әскери білімін жалғастырып, авиациялық дивизияны басқарып, Генерал-лейтенант дәрежесіне дейін көтерілді. Леонид Беда 1972 жылдан бастап Белорусь әскери округінің 26-әуе армиясын басқарды. Батыр 1976 жылы 26 желтоқсанда автокөлік апатынан қаза тауып, Минск қаласында жерленді. Қостанай қаласында оның құрметіне көше аты берілген, әкімдік ғимараты алдында ескерткіші орнатылған. Даңқты ұшқышқа Қостанай қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.