Оның сөзінше, краншы әйелдердің көбі Рудный қаласында тұрады
Халықаралық әйелдер күніне орай Azattyq Ruhy редакциясы зейнетінен бейнеті көбірек ерекше мамандық - краншылықты игерген анамен сұхбат құрған еді.
Науат Албатырованың құрылыс алаңдарында кран жүргізіп жүргеніне он жылдан асып кеткен. Бүгінде Қостанай облысы Рудный қаласынан отбасымен бірге Астанаға көшіп келіп, елорданың тұрғылықты тұрғынына айналған. Аса қырағылық пен жауапкершілікті талап ететін краншылық қызметке Науат жүрек қалауымен келген.
Айтуынша, краншы болмас бұрын ол құрылыс саласында бірнеше жыл еңбек еткен екен.
«Отбасылы болған соң, ана атанып, үйде отырдым. Кейін сылақшылықты үйреніп, құрылыста істей бастадым. Қалалық тұрғын үй құрылысына бетон дайындаушы, арматура тоқушы болып кірдім. Сол жерде жүргенде мұнара крандарын көретінмін, соған қызығып, оқуын оқыдым»,- дейді ол.
Науаттың айтуынша, оның кран басқарамын деген талабына жақындары қарсы болмаған көрінеді.
«Отбасым қарсы болған жоқ, қайта қуанды, әсіресе, мектеп бітіріп жатқан қызым қатты қуанды. Өйткені кранға шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Менің батыл қадамымды қолдаған жақындарым көп болды. Бала-шағаң саған тілекші болса, тау қопаруға дейін барамыз ғой», - деді ол.
Науаттың сөзінше, Қостанай облысындағы Рудный қаласында көптеген қыз-келіншек дәл осы ерлерге ғана тән көрінетін мамандықтарды игерген. Себебі, негізгі күнкөріс көзі осы дейді ол.
«Рудный қаласында көптеген әйел дәнекерлеуші болып істейді, кран басқарады. Мысалы, 15, 20, 30 жыл бойы краншы болып істеген менің құрбы қыздарым бар. Краншылықтан зейнетке шыққан апалар да бар.
Бізде 70 әйелдің ішінде «гусеничный кранда» істеген бір ғана ер адам болды, қалғаны әйел заты. Жас қыздар да, орта жас пен егде жастағы әйелдер бар еді. Мен мұнара кранында ер адамдардың жұмыс істегенін Астанаға келіп көрдім», - дейді ол елордаға келгендегі алғашқы әсерін есіне алып.
Кейіпкеріміз краншы маманының қандай талаптарға сай болу керегін атап өтті.
«Краншы болу оңай емес. Өте сақ болу керек, қаншама адам төменде жұмыс істеп жатады. Дұрыс істеп отырмын дегеннің өзінде қателесетін кездер болады. Жүктер шашылып кетуі мүмкін. Жауапкершілігі өте мол жұмыс. Көз дұрыс көріп, құлақ дұрыс естуі керек. Оңай емес, биіктен қорықпаған адам істейді. Мамандығыма қызығушылығым өшкен емес, жұмысымды жақсы көремін»,- деді Науат.
Сұхбат соңында табандылық пен қайсарлықтың үлгісі болып жүрген қазақ қызы бүкіл әйелді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
«Әйелдер мен қыздардың денсаулығы мықты болсын. Әрқайсысына әйел бақытын тілеймін. Бала-шағасының рахатын көріп, айналасына жан шуағын сеуіп, өмірде гүлдей жайнап жүре берсін»,- деді ол.
Науат Албатырова жұбайы екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген.