Петропавл тұрғыны бөтелке қақпақтарынан картина жасайды
Ол соңғы суретіне 2300 қақпақ жұмсаған
Петропавл қаласының тұрғыны Владислава Волошин бөтелке қақпақтарынан түрлі картиналар әзірлейді. Шебер әтеш, дельфин, бақа, құс тіпті жылқының бейнесін жасап шығарған. Соңғы суретіне 2300 қақпақ пен дәл осынша бұрандалы шеге жұмсаған. Енді шебер мешіттің суретін жасамақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шебер өзгелер сияқты бөтелке қақпақтарын лақтырмайды. Әрбірін қастерлеп жинап жүреді. Орайы келсе, тіпті қоқыстан да теріп алады. Бұл істе Владиславқа туған-туыс, дос-жарандарының барлығы көмектеседі.
«Мен 15 жыл автовокзалда еңбек еттім. Автобус жүргізуші болып жұмыс істедім. Ұжымдағылардың барлығы әлі күнге дейін мен үшін бөтелке қақпақтарын жинап жүреді. Жолаушылар сусынды көп ішеді, бөтелкелерін тастап кетеді. Солардың бәрін жинап аламыз. Әйелім - мұғалім. Петропавл қалалық 40-шы орта мектепте сабақ береді. Ондағылар да менің қақпақ жинайтынымды біледі. Қолдарына түссе әкеліп береді. Таныстарым да барынша көмектеседі», - дейді Владислава Волошин.
Әдемі сурет шығару үшін әр қақпақты түсіне қарай үйлестіре білу қажет. Барлығы шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын әтеш бейнесін жасаудан басталыпты. Шебер балаларының ең сүйікті мерекесінің бірі – Жаңа жылда ерекше картина жасап, ауланы безендіруді ұйғарады.
«Осыдан үш жыл бұрын, тауық жылы болды. Балаларымызбен әтештің белгісін жасауға келістік. Ол үшін қолжетімді, қалта қақпайтын материал табу қажет болды. Қолда бар бөтелке қалпақтары мен бұрандалы шегені қолдануды ұйғардық. Біздің хобби туралы естіген көршілеріміз бен әріптестеріміз, жақындарымыздың барлығы жан-жақтан осы қақпақтарды әкеле бастады. Солай міне, дельфин, ит пен аққудың бейнелері жасалды. Болашақта бұл тізім толыға түседі», - дейді ол.
Алғашқы қадамы сәтті шыққаннан кейін үйінің ауласын тағы басқа бейнелермен толтырған. Тіпті, бақшадағы жол да суретке ұқсайды. Оған 3 мыңнан астам бұранда кетіпті. Көзге әдемі әрі жаңбыр жауса, аяқ киім саз болмайды. Балалар үшін мұндай жерде жалаң аяқ жүру тіпті пайдалы. Майтабан сынды сырқаттың алдын-алуға болады.
«Балаларға қақпақтан сурет жасаған ұнайды. Олар күні бойы телефон шұқып отырмай, еңбектенеді. Бұл ұсақ моториканы дамыту үшін де өте пайдалы. Балалар жалаң аяқ жүргенді ұнатады. Оларға мен де қосыламын. Күн ысығанда қақпақтар да жылынып, табанды қыздырады. Біз аяғымызға табиғи массаж аламыз. Әдетте барлығын бірге жасаймыз. Қақпақтарды санаймыз, түсіне қарай бөлеміз. Артығын алып, жетпегенін жеткіземіз. Күйеуім бұған дейін әткеншек, сырғанақ сынды тағы басқа бұйымдар істеді», - дейді шебердің зайыбы Эльмира Волошина.
Волошиндердің үйіне келген адам ертегілер әлеміне тап болғандай күй кешеді. Владислав үйдің қоршауындағы суретті де әр мерекеге қарай безендіріп, ерінбей ауыстырып отырады. Бұл әсіресе балаларға қатты ұнайды. Ерлі-зайыптылар екі ұл тәрбиелеп отыр. Әсіресе үйдің кенжесі Паша әкесімен бірге еңбектенгенді жақсы көреді.
«Әкеммен бірге әтешті, атты және түрлі түсті өрнекпен мына жолдарды безендірдік. Оған көмектескенді ұнатамын. Әкем сондай шебер, мен оны мақтан тұтамын. Қолына не түссе де әдемі бұйымға айналып шыға келеді. Достарымның барлығы қызығып сұрайды. Біздің үйдің алдында ойнағысы келеді. Мен де өскенде осындай заттарды жасайтын боламын», - дейді кішкентай Павел.
Владиславтың кәсіби білімі жоқ. Кәдімгі бояумен салған суреттері де көздің жауын алады. Қақпақтардан картина жасау үшін алдын-ала ешқандай сызба жасамайтындығын айтады. Интернеттен өзіне қажетті суретті таңдап алып, соған қарап аң-құстардың бейнесін құрастырып шығарады.
«Алдымен мозайка сынды сурет жинап аламын. Содан соң қабырғаға қақпақтарды бір-бірлеп бекітемін. Бұл іс өзіме ұнайды. Құдды бір сынақ сынды. Алдымен қақпақ жинайсың. Содан кейін оны қабырғаға бекітіп, суретке айналдырасың. Кейде түстер үйлеспей, ойдағыдай шықпай жатады. Қақпақтар сызық бойымен келмейді. Әсіресе аттың бейнесін жасағанда қиын болды. Барлығын тастап кеткім келеді. Түнде жатып ойланамын. Бастаған істі соңына жеткізбей тоқтамауға тағы бекінемін. Барлығы орнына келе кетеді. Жұмыс аяқталғанда, отбасымызмбен қуанамыз» - дейді петропавлдық шебер.
Владислав Волошин Петропавл қалалық №40 орта мектепте жұмыс істейді. Күн сайын қолы бос уақытта 30-40 минутын есік алдын безендіруге арнайды. Бір суретті жасап шығару үшін 10 күндей уақыт кетеді екен. Одан бөлек бау-бақшаны баптап, жеміс-жидек өсіргенді жақсы көреді. Бір сөзбен айтқанда, уақытының барлығын тиімді пайдалануға тырысады. Жарамсыз болып қалған машина дөңгелектерін де кәдеге жаратады. Шиналардан да ауланы безендіруге, гүл өсіруге арналған заттар жасайды. Он саусағынан өнері тамған шебер ағаштан да түрлі бұйымдар әзірлейді.
Енді Владислав Волошин мешіт пен шіркеудің суретін салмақ. Оған түрлі-түсті көп қалпақ қажет болары анық. Отбасы қазірден оларды жинауға кіріскен. Шебер дайын болған картинамен шаһардағы дәмханалардың бірінің қабырғасын безендіргісі келеді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО