$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.05.2020, 10:00
Кейіпкер

Шымкенттік жігіт Америкадағы Әскери әуе күштері академиясына қалай түскенін айтып берді

Мақсат Омар бүгінде 2-ші курс курсанты

Шымкенттік жігіт Америкадағы Әскери әуе күштері академиясына қалай түскенін айтып берді

Шымкенттік Мақсат Омар – қазіргі таңда Американың Колорадо штатындағы Әскери әуе күштері академиясының курсанты. Ағымдағы жылдың ақпан айында Академияның әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 4 мыңға жуық курсантының ішінен Мақсат бокстан Wing Open-020 чемпионы атанды. Azattyq  Ruhy  тілшісі Америкадағы Мақсатпен байланысып, аталған оқу орнына қалай түсуге болады, ондағы курсанттарға қандай талаптар қойылған деген сұрақтар төңірегінде әңгімелескен еді.

ӘӘК АКАДЕМИЯСЫНА ҚАЛАЙ ТАПСЫРУҒА БОЛАДЫ?

Мақсаттың Instagram  парақшасына өзімен сұхбаттасу туралы хат жазғанда-ақ, оның бірден қазақы отбасында тәрбие алғанын байқадым. Қазақстан мен Америка арасындағы 10 сағаттық айырмашылыққа қарамастан, кейіпкерім сабағынан шыға салысымен бірден байланысқа шықты.

Академиядағы жатақхананың бір бөлмесінде екі курсант тұрады. Академия курсанттарға стипендия төлеп, тегін жатақхана және тамақпен қамтамасыз етеді.  Аталған оқу орнына түскісі келетін талапкер физикалық  тесттен бөлек, IQ және ағылшын тілінің деңгейіне арналған бірнеше сынақтан өтуі тиіс.

«Қазақстанда әскери мамандықты шетелде оқығысы келетіндерге 2016 жылдан бастап ережелерді өзгерткен. Шетелде оқығысы келетін қазақстандық ең алдымен Қорғаныс министрлігіне қарайтын кез келген әскери институтта оқуы керек. Ол Ақтөбедегі авиация мектебі, Алматыдағы  Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының бірі болуы тиіс. Соның біреуінде бір жыл оқып, бірінші курсты бітірейін деп жатқанда, шетелге тест тапсыруға болады.

Мен бұл оқу орнына түсу үшін SAT емтиханын (онда физика мен логикадан тест тапсырасың), кейін ағылшын тілінің деңгейіне арналған Toefl екеуін тапсырдым. Осы екеуінен жақсы көрсеткіш көрсеткендерді сұхбаттасуға шақырады. Мен оқуға тапсырған жылы Қазақстандағы үміткерлерді іріктеу үшін Америкадан арнайы майор кісі келіп, жазбаша емтихан өткендерден, ФИЗО қабылдады. Яғни жүгіріп, турникке тартылып, кеудені жерден көтеру нормативтерін тапсырдық. Осының бәрінен өткеннен кейін, өздері ұсынған тақырыпты таңдап эссе жаздым», - дейді ол.

Шымкенттегі қазақ-түрік лицейін бітірген Мақсат бастапқыда шет тілінен еш қиналмаймын деп ойлаған. Бірақ Америкадағы адамдардың сөйлеу деңгейін көрген соң, ол бір аптаға жуық ешкіммен тілдеспедім дейді.

«Пенде болған соң, өзімізге көп алып қоямыз ғой. Мен Америкаға тіл білемін деп келдім, бірақ мұнда келген соң білмейтінімді түсіндім. Осында келгенде 6 апталық жас әскер курсы болады. Келе салып, осы курсты бастап кеттік. Бірінші апта мүлдем сөйлемедім десем болады, басқаларды түсінуім де қиын болды. Бірақ әскери жақтан хабар бар болған соң, жан-жағымызға қарап, жұрттан қалыспадық (күліп).

Бір қуантатыны, мені мұнда жақын тартып, орталарына қабылдаған жігіттер болды. Олар мен түсінбеген жерді асықпай түсіндіріп беріп, достық ықыластарын көрсетті. Менімен бірге осы оқу орнына 17 шетелдік түсті. Соның ішінде де алғашқы кезеңді әркім әртүрлі өткізді. Біреулер қиналды, енді біреулер тілді жақсырақ біліп, жеңіл өткерді. Бір шетінен кез келген жердегідей, мұнда да өзіңді қалай ұстайтыныңа көп нәрсе байланысты», - дейді Мақсат.

АМЕРИКАЛЫҚТАР МЕН ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЭМОЦИЯСЫ

Мақсаттан бөлек, аталған Академияда алматылық Влад есімді жерлесіміз оқыған екен. Ол өткен жылы оқуын тәмамдап кеткен. Бүгінде Қазақстаннан бір өзі жүрген Мақсат Влад кеткен соң, жалғызсырап қалғанын жасырмады.

«Академия қаланың сыртындағы, тау бөктерінде орналасқан. Қалаға көп шықпаймыз, кейде жігіттермен кинотеатрға немесе қажетті зат алуға барып тұрамыз. Влад бар кезде қызық еді, қазір біраз қиындау. Әсіресе 2-ші курстың басында қиналдым. Шетел қанша дегенмен шетел, адамдардың ой-өрісі, таным-түсінігі бөлек дегендей. Қанша дос болып аралассаң да, әңгімең толықтай жараспайды. Ал Влад қазақстандық болғаннан кейін ойыңды толық айтасың, екеуіңнің ойың бір жерден шығады, бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз», - деді ол.

Мақсатты америкалықтардың эмоционалдығы, танымайтын адамға күлімсіреп, ілтипат көрсетуі таңғалдырған.

«Біз сияқты шетелден келген курсанттарға басында осы жерге үйреніп, үйдің атмосферасын сезінуі үшін отбасын тағайындайды. Апта соңы өзіңе белгіленген үйге барып, үйдің тамағын ішіп, әскери ортадан басқа жерді сезініп жүресің. Маған Дэн Сандэрс деген майордың отбасын тағайындап берді. Дэн мені әуежайдан келген күні күтіп алды. Сол келген күннің ертесі тұрып, жүгірейін деп көшеге шықтым.

Содан алдымнан жастары егделеу келген кісілер кездесіп қалды. Олар маған қолдарын бұлғап, күлімсіреп, бірден жылы қабылдап жатты. Америкалықтардың осы бір әдеттеріне тәнті болдым. Өзіңіз білесіз, біздің Қазақстанда танымайтын адамға ешкім олай көшеде күлімсіреп қарамайды ғой. Жалпы, қазақстандықтар бір-бірімізге жылы, мейірімді болсақ екен. Қазақта «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген жақсы сөз бар ғой, ел сыртына шыққан соң Отаныңды, отбасыңды, бауырларыңды қатты сағынасың», - дейді жерлесіміз.

Қазақстанда құрлық әскерінде оқысам, Америкада әуе-күштері әскерінде оқимын. Үлкен айырмашылық осында. Жалпы, Қазақстан мен Америкадағы әскери академиялардың оқыту жүйесінің айырмашылығы үлкен. Америкада 4 жыл сенің жеке мамандығыңа көбірек көңіл бөлінеді. Сен оқуды бітірейін деп жатқан кезде осы мамандығыңның ішіндегі профильді салаңды таңдайсың. Мысалы, біреу ұшқыш, енді біреу инженер боп шығып жатады. Ал Қазақстанда сен тек әскери мамандығыңды ғана оқып шығасың. Үлкен айырмашылық сонда. Тағы бір айта кететіні, мұнда 5 жылға келісімшартқа қол қояды, ал әскери жұмысын бітірген соң, азаматтық мамандығы бойынша инженер немесе ұшқыш болып жұмысын басқа салада да жалғастыра алады. Қазақстанда ондай нәрсе қарастырылмаған.

2020 WING OPEN ЧЕМПИОНЫ

Қазақстанда жүргенде волонтерлықпен айналысып, қоғамдық өмірде белсенді болған шымкенттік жігіт Америкада да топ жарып, академияда өтетін бокс сайысында чемпион атанған.

«Wing Open Аакадемияның бокстен чемпионаты. Оған оқу орнындағы 4000-нан астам курсанттың кез келгені қатыса алады. Одан бөлек, Академияның бокс құрамасы бар, мен сол құраманың қатарындамын. Көбінесе құрамадағы адамдар өзара жарысады. Сырттан басқа курсанттар да келеді. Өз ішімізде жеңген адам Академияның атын Америка дәрежесінде қорғайды. Мен өз салмағымда Академияда Wing Open-2020 чемпионы болып, облыстық чемпионатқа жолдама алғанбыз. Бірақ коронавирус кесірінен бәрі тоқтап тұр», - деді.

Мақсаттың Академиядағы бір күндік кестесі таңғы 6:30-да басталады. Айтуынша, Қазақстандағы Әскери институттармен салыстырғанда АҚШ-та толықтай еркіндік берілген.

«Сабақ аптасына бес рет болады. Таңғы 6.30-да сапқа тұрамыз, содан кейін таңғы ас ішеміз. Сабақ 7.30-да басталады. Жалпы, еркіндік жағынан қарапайым университет сияқты. Кейбір топтарда 1-2 пар болмайды. Сондықтан олар сабаққа асықпай тұрулары мүмкін немесе таңғы асқа асықпай баруларына болады. Менің өзіме сабақ күн сайын 7.30-дан 11.30-ға дейін болады. Сағат 15.30-дан-18:00-ге дейін жаттығу залына барамын, одан кейін кешкі ас, арасында түрлі іс-шараларға қатысамын. Түнгі 22:30-да ұйқыға жатамыз. Мұнда студенттерге еркіндік көп, форма киіп жүресің, бірақ көбінде қарапайым студент сияқтысың. Қазақстандағы құрлық әскерлері институтынан кейін мен кәдімгідей еркіндікті сезіндім. Ең бастысы уақытты тиімді пайдаланып білу керек», - дейді.

КӨПТІҢ БІРІ ЕМЕСПІН...

1998 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Мақсат Омар қарапайым отбасынан шыққан. Өзінен бөлек, артынан ерген үш бауыры бар. «Еліме қызмет ету үшін әскери саланы таңдадым» деген Мақсатпен сөз соңындағы диалогымыз да қызық аяқталды.

Мақсат, отбасың, ата-анаң елге оралуыңды тағатсыздана күтіп отырған болар. Өзің сынды талапшыл, еңбекқор ұлды тәрбиелеген жанұя туралы білгім келіп отыр.

– Мен қарапайым ғана қазақ отбасынан шыққанмын. Анам да, әкем де оңтүстік өңірінің тумалары. Үйде төрт баламыз, тұңғышы мен. Кішкентайымнан ата-анам: «Атаның ұлы емес, адамның ұлы бол» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Әкем құқық қорғау компаниясында жұмыс жасайды, анам тәтті шығаратын шағын компанияның супервайзері. Екінші інім қазіргі таңда Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқып жүр.

Америкадағы оқуың аяқталғаннан кейін елге ораласың ба?

– Әрине, ораламыз. Мұны сұрағаныңыз ұят болды (күліп). Көп адамдар қалып қояды деп қате түсініп жатады.  Әскери қызметті елге қызмет ету үшін таңдадым. Сол себепті, сөз жоқ, оқуымды аяқтаған соң міндетті түрде еліме қайтамын.

  Бізде шетелде оқыған көпшілік жастар жайлы өмір үшін сол жақты таңдап  жататын болған соң сұрап жатқаным ғой...

Бұйыртса мен көптің бірі болмаймын...

Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңа рахмет!

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан  

Серіктес жаңалықтары